Қарағанды облысында Қыс мезгіліндегі ТЖ жою үшін 3000-нан астам адам мен 1200 техника дайындыққа келтірілді

06.11.2019
Екі күн ішінде Қарағанды облысының аумағында «Қыс-2019» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша іс-шаралар өткізілді. 

Оқу-жаттығу азаматтық қорғау лауазымды тұлғалары мен құрылым басшыларының қысқы кезең жағдайында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізуде практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында өткізілді. 

Барлық қалалар мен аудандарда ТЖ комиссиясының, азаматтық қорғау қызметі басшыларының жиындары; қысқы кезеңдегі ТЖ жою бойынша практикалық іс-шараларды пысықтап, авариялық-құтқару қызметтері мен әскери басқару органдары бөлімшелерінің дайындығы тексерілді. 
Оқу-жаттығудың екінші күні, 6 қарашада «Қыс-2019» аясында қар құрсауы, жол-көлік оқиғасы кезінде төтенше жағдайды жою, жолда зардап шеккендерге көрек көрсету, іздестіру жұмыстарын жүргізу бойынша іс-қимылдар пысықталды.

Тактикалық мақсаты бойынша автожолда қалың қар мен көктайғақ салдарынан автокөліктердің жаппай қақтығысы орын алып, кептеліс пайда болған және жол-көлік оқиғасы салдарынан бір жеңіл көліктін жануы орын алды. Сондай-ақ 3 адам далада жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. 
Өрт сөндіру, зардап шеккендерді шығару, медициналық және психологиялық көмек көрсету, мобильдік жылыту пункттеріне эвакуациялау бойынша іс-шаралар өткізілді. 

Үш бағыт бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін «Трэкол», «Вея» және «Ужгур» жоғары өтімді техникасы мен кинологиялық есебі жұмылдырылды. Сондай-ақ іздеу аймағына әуеден барлау үшін ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жіберілді.
Сонымен қатар, акваторияда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. ТЖД бөлімшелері мен №52859 әскери бөлімінің құтқарушылары мұз астына батып кеткен балықшы бар автокөлікті іздестіру және оларды жағаға шығару бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Іздестіру жұмыстары тереңдік эхолотты қолдану арқылы жүргізілді. Объектілерді судан шығару үшін құтқарушы-сүңгуірлер суға батырылды. 
Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметі, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету объектілері қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын көрсетті. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюды одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар берілді. 
Оқу-жаттығуларға ҚР ІІМ ТЖК аумақтық бөлімшелерінің, ҚР Ұлттық ұланының «Орталық» ӨҚ 52859 әскери бөлімінің жедел-құтқару құрамалары, облыстық, қалалық және аудандық шұғыл әрекет ету жасақтары, адамдарды іздеу және құтқару командалары құрамына кіретін азаматтық қорғау қызметтері мен ұйымдардың құрамалары қатысты.

Қарағанды облысында қысқы кезең жағдайында ТЖ салдарын жою үшін 3 мыңнан астам адам мен 1200 бірлік техника әзірлікке келтірілді. 

Тәжірибеге сүйене отырып, облыстың тас жолдарында 614 қар көп жиналатын учаскелер күшейтілген бақылауға алынатын болады. 

Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 390 жылыту пунктерінің жұмысы ұйымдастырылады (жол-пайдалану басқару объектілері және жол бойындағы сервис объектілері: ЖМС, кемпингтер, қонақ үйлер, тамақтану пунктері және т.б.). 

Сондай-ақ 7 трассалық медициналық-құтқару пункті тәулік бойы дайындықта.

Жол қызметтері 215 жол техникасын дайындады, республикалық және облыстық маңызы бар барлық жол учаскелері бойынша жауапкершілік аймақтарын бекітті. 

Қысқы кезеңдегі ықтимал жағдайларға жедел әрекет ету үшін тас жолдардың аса күрделі учаскелеріне жоғары өтімді техниканы бөлу жоспарланып отыр.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Возврат к списку